ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу муқим (жолаушы емес), бай, азат мұсылман адамға уәжіп (міндет) болады[1].⠀

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!»[2] – деп бұйырды. Бұл жердегі бұйрық рай уәжіп (міндет) үкімін білдіреді. Пайғамбарымызға (ﷺ) міндеттелген нәрсе, үмметіне де – міндет. Өйткені ол (ﷺ) үмметіне үлгі ретінде жіберілген[3].⠀Сондай-ақ, Алла Тағала былай дейді: «… сондай-ақ, Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын. Сөйтіп, құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, пақырлар мен кедейлерге де жегізіңдер»[4].⠀

Пайғамбар (ﷺ) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»[5], – деп жауап берген.⠀Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):⠀«Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын»[6], – деп қатаң ескерткен.⠀Ал Имам Юсуф пен Имам Мұхаммедтің бір көзқарасында және малики мен шафиғи мәзһабтарында құрбан шалу – сүннет. Олар дәлел ретінде мына хадисті келтіреді:⠀Пайғамбарымыз (ﷺ):⠀

«Сендерден зұл-хижжә айын көріп, құрбан шалуды қалаған адам оның (құрбандықтың) жүні мен тұяғын ұстасын», – деген[7]. «Құрбан шалуды қалаған» деп айту шариғатымыздың бұл істі міндеттемейтінін білдіреді[8]. Сондай-ақ, Алла елшісі (ﷺ): «Маған үш нәрсе міндеттелді, ал сендер үшін нәпіл (ерікті құлшылық). Олар: үтір намазы, құрбан шалу және құрбан айт намазы», – деген[9].⠀

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі⠀[1] Жәуһара нәйира, 5/478.[2] «Кәу­сар» сүресі, 2-аят.[3] Бәдаиғ ас-санаиғ, 10/245.[4] Хаж сүресі, 28-аят.[5] Ибн Мәжә риуаят еткен.[6] Ибн Хажар әл-Асқалани риуаят еткен.[7] Мүслим риуаят еткен.[8] Фатху баб әл-ғиная, 3/284.[9] Ахмад, Хаким риуаят еткен.

Return to Top ▲Return to Top ▲