Бас мүфтидің сұхбаты

Жаңа сайлау кезінде Бас мүфтидің өмірбаяны көпшілікке айтылғандықтан қайталамадық. Одан беріде байқағанымыз, «Ақырын жүріп, анық басатын», үлкенге – құрметі, кішіге – ізеті мол қарапайым кісі екен. Ең бастысы білімі де, білігі де дінімізді өркендетуге жететініне сеніміміз зор. Аз уақытта тағылымды «Таным тұғыры», «Мүбарак Рамазан», «Ғибратнама» кітаптары жарық көрді. «Дін мен дәстүр – имани иммунитет» көлемді мақаласы жарияланды. 

Жақында қасиетті Құранды жатқа және мәнерлеп оқудың V республикалық байқауын өткізді.

– Құрметті хазірет! Сізге екі дүниеде сұрауы қиын, жүгі ауыр міндет жүктелгелі тоғыз айдан асты. «Жас мүфти, Бас мүфти не істеп жатыр екен?» деп, мүфтиат жақтан жағымды жаңалық кү­тушілер өте көп. Елеңдеген елге, қарайлаған халыққа, иман келтірген тілеулестерге, мұраттастарға не айтасыз?

–  Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. ХХІ ғасыр – жоспарсыз өмір сүретін, соқыр тәуекелге баратын заман емес. Мұсылмандар үшін әрбір сәт қымбат. «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған ерден без», – дейді халқымыз. Стратегиялық жоспар құру – жұмысты жеңілдетеді әрі жүйелендіреді.

Қазір сөздің емес, істің уақыты. Діни басқарма жанынан Ақпаратты-насихат тобын құрдық. Жұмыс жоспары бекітіліп, сол бойынша үгіт-насихаттар айтылуда. Оның құрамына діни білімді еліміздің әр аймағынан 30 теолог енді. Ел алдында сөз бастап жүрген, аймақтағы діни ахуалдан хабары бар, жамағаттар арасындағы мәселелерді жіті білетін білікті мамандар осы күнге дейін 62 қала, 122 аудан, 33 кент, 1456 ауылға жуық елді мекендерді аралап, 200-дей жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары мен 1654-ке жуық мектептерде кеңейтілген кездесулер өткізіп, дін мен діл жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Осы жұмысты барынша жандандыруға көңіл бөліп отырмын.

Дін саласы үнемі дамытуды, жетілдіруді, жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан да, алда әлі талай бағындыруы тиіс биік белестер тұр. Соның бірі – дін ғылымы саласы. Сан ғасырлар бойы қаншама дін ғұламаларын, әулие-әнбиелерді тәрбиелеп шығарған қазақ даласының қойнауы толған ғылым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айту арқылы жеткен рухани қазынамыздың негізгі арқауы – дін болғаны белгілі. Көнеден келе жатқан қаншама діни дастандары, жыр-жауһарлары, фольклоры бар. Діни оқу ошақтары, зерттелмей жатқан діни еңбектеріміз де жетерлік. Соның бәрін зерттеп, зерделеп, діни, тарихи сананы жаңғыртатын ғылыми-зерттеу орталығын ашуды көздеп отырмыз.
 

– Бұл қызмет адамдармен тығыз әрі үздіксіз байланыста болуды қажетсінеді. Елмен етене тіл табысуға басшының бірінші қадам басуы үлкен ықпал етері сөзсіз. Жұртшылықты қабылдау мәселесін қалай жолға қоюдасыз?

– Мен осы қызметке тағайын­дал­ғаннан кейін барлық имам-молдаларға «қарапайым болайық», «кемінде бес шәкірті жоқ имам – имам емес» деген ұран тастадым. Қазір осы қарқынмен жұмыс жүйелі жүргізілуде.
Ал жеке жұмысыма келсем,­ ап­таның толық бір күнін ха­лықты қабылдауға арнаймын. Дүй­сенбі күні Діни басқарма қыз­меткерлерінен бұрын әртүрлі сауал­мен, мәселемен келген бауырларымды қабылдаймын.

– Халықтың тағдыры ше­ші­летін діни саланың нақты мә­селелерін ата­саңыз. Естуімізше, пәтуалар кіта­бын дайындап жатқан көрі­не­сіз­дер…

– Бізге күн сайын еліміздің әр аймағынан түрлі мәселе бойынша пәтуа сұрап келетіндердің қатары көп. Осы сауалдарды жинақтап, «Пәтуалар» кітабын жарыққа шығаруды ұйғардық. Алты айдың ішінде 685 сауалға пәтуа мен жауап жазылды. Оның ішінде жеке адам тағдырына байланысты сауалдар да бар. Кітапта адам ағзаларын ауыстыру, өзін-өзі өлтіру, ажырасу, т.б. отбасылық мәселелер қамтылды. Алла қаласа, осындай қоғамдағы өзекті мәселелер қамтылған кітабымыз қазақ, орыс, араб тілінде жуырда оқырман қолына тиеді. Пәтуа – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген шариғи һәм құқықтық мәртебе. Осы мәртебені пайдаланып, халықты толғандырған сауалдарға Діни басқармаға қарасты 21 сайттарымыз да жауап беруде.

– Зор мәдениеттің үлгісі саналатын діни кадрларды, имамдарды тәрбиелеу, қалыптастыру барысы қалай жүзеге асуда?

– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі, ауыл-аудандардағы мешіттерді жоғары білікті дін мамандарымен қамтамасыз етпесек, жағдайды оңалту мүмкін емес. Ол үшін еліміздегі «Нұр» қазақ ислам университеті мен ҚМДБ-ға қарасты медреселердің білім беру жүйесін одан әрі дамытып, сапасын арттыруымыз қажет.

Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет. Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін жаңа заманға сай жетілдірудің де өзектілігі анық сезіліп отыр. Сол себепті «ХХІ ғасыр имамы» атты зияткерлік білім сайысын да жуық арада қолға алып, өткізуіміз керек. Сол арқылы имам-молдаларға дін ғылымымен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді деп ойлаймын.

Өткен наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы еліміздің Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Жезқазған, Павлодар, Семей аймақтарында, Алматы облысы мен Талдықорған аймағында барлығы 808 дін қызметкеріне 1241 сағат дәрістер оқып, біліктілігін арттырды.

– Діни оқу-ағарту жұмыстарына келсек, еліміздегі ислами бір университет, бір институт, 9 медресенің білім беру деңгейі қуанарлық жағдайда емес. Әдістеме, педагогика, оқулық, т.б. жетіспейді.
Қысқасы, діни оқу-ағарту мәсе­лелерін сергек қарайтын уақыт жетті. Ұлт­тық рухтағы ислами оқу орындары­ қалыптасса 
дейміз.

– Діни-оқу ағарту – біздің басты жұмыстарымыздың бірі. Қазір медреселер мен имамдардың білімін жетілдіруді, Ислам институтының оқу бағдарламаларын жаңартуды, жандандыруды қолға алдық. Шәкірттер мен имамдарға діни дәрістен бөлек, дүниауи сабақтар беріліп жатыр. Соның бірі – шешендік өнер. Уағызшы шешен болмаса, жұртты өзіне қаратып, үйіріп әкете алмасы анық. Ендеше, имам қалай сөйлеу керек, халық адында қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажет деген сауалдар осы шешендік өнер пәнінде оқытылуда. Сонымен қатар, тағы бір пәнді енгіздік. Ол – психология сабағы. Бұл да қажетті пәннің бірі. Адамның көңіл-күйін аңғару, табиғатына сай насихат айту – мұның бәрі имамға қажетті дүниелер. Шәкірттің білімін осылайша сатылап көтеру жоспарланды.

Қазір білім мен біліктің заманы. Осыған орай мешіті мен имамы мол Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар діни қызметкерлерін аттес­тациядан өткіздік. Енді бұл бастамамыз басқа да облыста, аудандарда жүзеге асатын болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия Республикасы Дін істері бсқармасымен әріптестік тұрғыдан жақсы қарым-қатынас орнатты. Осы жылдың 29-30 сәуір күні Түркия Дін істері басқармасына ресми сапармен барып, Түркияның бас мүфтиі Мехмет Гөрмез мырзамен кездесіп, екі бауырлас ел арасындағы бірлесе атқаруға қатысты біраз мәселені оңды шешіп қайттық.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарихында алғаш рет төл мамандарының білімін, біліктілігін арттыру үшін ғасырға жуық дін кадрларын даярлаудағы тәжірибесі бар Түркия Дін істері басқармасы жанындағы имамдардың білімін жетілдіру «Хасеки» институтымен келісім-шартқа қол қойды. Дәл қазір дін қызметкерлеріміздің алғашқы тобы «Хасекиде» білімдерін жетілдіруде. Осы оқу орнына түсу үшін арнайы діни сауаты бар, медресе немесе жоғары оқу орнын бітіру талап етілді. Сол себепті болашақ білікті де, білімді дін маманын даярлау мақсатында Діни басқарма Нұр-Мүбарак университеті және 9 медресе түлектерінің ішінен «өте жақсыға» бітірушілерден үміткерлерді таңдап жіберуді жоспарлады.

Мамандардың білімге талабын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз кезегінде жүйелі жолға қоюда. Діни басқарма ең әуелі асыл дінімізге қызмет ететін, білімді де білікті дін мамандарын даярлауды қолға алған. Бұл мақсатта Нұр-Мүбәрак университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша болашақ имамдар оқып жатыр. Ислам ғылымының өзі бірнеше салаға бөлінетіндіктен, 2013-2014 жаңа оқу жылынан бастап «Исламтану» мамандығында оқып жатқан студенттер 3 курстан бастап, топтар бойынша «Фиқһ», «Тәпсір», «Шариғат», «Усулуд дин» саласына сай білімдеріне басымдық беріледі. Бұдан мақсат: студенттерді алдағы уақытта ислам ғылымдарының бір саласына бейім маман ретінде дайындау. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі дін ғалымы.

– Уағыз-насихаттың рухани мазмұнын байытуды, ар-ожданмен сөз қозғауды кейбір діндарларымыз әлі де жете түсіне бермейтінін байқаймыз. Сіздің ойыңыз қалай?

– Адам баласы дінге жүрек қа­лауы­мен келеді. Дін – нәзік мәселе.
Біздің жұмысымыз құдды архео­лог­тардың қызметіне ұқсас. Бұл саланың мамандары жерді белден қазып, қопарып, жұмысты жапырып жіберейін десе, жер астындағы жақұттар мен тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алады. Сондықтан олар ұзақ уақыт бойы топырақты сыпырғымен сыпырып, сабырлықпен жәдігерлерді жинап, жерден ажыратып алады. Бұл – тағаттылық пен шыдамдылықты қажет ететін іс. Дін насихаты да солай. Асыра сілтеп, асығыстық жасауға болмайды. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», – деген сөз бар.

Сөзімнің басында айтып өт­ке­­­німдей, «ХХІ ғасыр имамы» атты интеллектуалдық са-йыста имамдардың тарихты білуі, мәдениетіміз бен әдебиетімізден хабардар болуы, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жетік меңгеруі талап етіледі. Сондықтан бұл мәселеге біз де бей-жай қарап отырмаймыз.

– Ана тіліміздегі діни кітаптар, діни мақалалар өте аз. Көбісі қайталаулар. Бір кітапты әртүрлі «автордың» атымен бірнеше рет оқуға тура келген жағдай өршіп кетті. Діни басқарма Сараптау бөлімінің мақұлдауымен шыққан кітаптардың да біразы сын көтермейді. Діни мәселелерді жазуда сақтық, тазалық керек екені ескерілсе. Діни плагиаттың жолын қалай кесуге болады?

– Иә, кітаптың санынан бұрын сапасы маңызды. Сіз жаңа сөзіңізде насихаттың мазмұнын байытуда ар-ұждан жайлы сөз қозғауды айтып өттіңіз. Ар-намыс, ұят, иба, инабаттылық, әдеп деген қазақтың қастерлі сөздері мен ұғымдарын дәстүрден табамыз. Байыптап қарасақ, қазақтың дәстүрі ізгілікке тұнып тұр. Ендеше, діннің түбін ақтарып қалсаңыз, дәстүрімізде бар ұғымдар мен қағидаттар жатыр. Ал дәстүріміздегі адамгершілік қағидалар діннен бастау алады. Қолданыстағы мақал-мәтелдердің мағынасы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқан хадистерімен ұштасып жатыр. Мы­салы: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – деген хадис бар. Халқымыз осы өсиетті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген. Хадис­те: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзе­гіне айналдырып, бертін келе ма­қал ретінде айтылып, тіпті, қа­сына ұй­қасын келтіріп былай деген: «Ке­ңес қыл­ған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас». Мұндай мысалдар жетерлік.

Өкінішке қарай, қазақтың басынан өткен талай өмір сынақтары осы дәстүр мен дінді бір-бірінен әбден алшақтатуға бағытталды. Қазір заман өзгерді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. Мешіттеріміздің есігі айқара ашық. Намаз оқуға, Аллаға мінәжат етуге мүмкіндік пен еркіндік бар. Осы ретте қазіргі ұрпаққа, дін қызметкерлеріне, ел игілігі үшін елеңдеген барлық жанашыр азаматтарға жүктелер міндет – дін мен дәстүрді түгендеу, оны халыққа түсіндіру. Осынау ұлы мақсатты көздей отырып, біз қазір «Дін мен дәстүр» деген кітапты шығардық. Осы еңбекте дін мен дәстүріміздің қабысатын қағидаттары молынан баяндалды. Алла қаласа жақын күндері қолдарыңызға тиіп қалады.

Ал Сіздің діни плагиаттың жолын кесуге қатысты қойған сұрағыңызға келсем, өзгелердің көз майын тауысып жазған еңбегін көшіріп алушылардың адамгершілікке жатпайтын ісін олардың өз абырой, ар-намыс, ұяттарына қалдырғанымыз жөн деп есептеймін.

– Бүгінгі таңда иман келтірген қыздардың ар-ождан бостандығына, ұстанымына көз аларта қараушылар да аз емес. Бір жаулық, кең көйлек, ұзын етек – бірнеше тақырыптағы әңгімелерге жол ашуда. Қазақ мұсылман әйелдерінің жағдайы ҚМДБ-ны қаншалықты алаңдатады?

– Орынды уәжіңізбен келісемін. Кешегі кимешек киген апа-әжелеріміз, жаулық таққан әпке-қарындастарымыз имандылықты ту етіп, ізгі ұрпақ тәрбиелеп, Алланың қалауымен қазақ ұлтына Абай, Міржақып, Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Шәкірім, Мәшһүр, Әсет сынды дара тұлғаларды сыйлап кеткен еді. «Есті қыз етегін жабады», – деген мақалды өмірінің өзегіне айналдырған кешегі қаракөз апаларымыз ұлтымызды ұятқа қалдырған емес. Ар мен намыс ұдайы ұлықталды. Басынан сөз асырмаған бойжеткендеріміз ибалықты бойына сіңіре білді. Міне, ұрпақ осылай тәрбиеленіп еді. Осындай сауапты һәм салауатты өмір салтына бір кездері балта шабылды. Біз соның әлі күнге дейін зардаптарын бастан кешіп келеміз. Осы сәтті пайдаланып, орамал таққан қарындастарымды оқуда, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға, ата-ананы сыйлауға, дінде даналық жолын ұстануға, сабырлы, байсалды, байыпты болуға шақырамын. Сіз бен біздің абыройымыз ол – асыл дініміздің абыройы екенін ұмытпайық.

Осындай ибалық жолын ұстанған, ар мен абыройын сақтайтын салиқалы қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отыратын ҚМДБ жанынан Әйелдер бөлімін ашу ойы­мызда бар. Алайда бұл мәселе ұзақ зерттеуді, зерделеуді, алдын ала жұмыс жоспарын бекітіп алуды, қосымша қаржы қарастыруды талап ететін жұмыс. Алла қолдаса, бұл ниетіміз де жүзеге асып қалады деген сенімдемін.

– Сіз Мысырдағы атақты әл-Әзһар Ислам университетінің Шариғат және заң факультетін толық тәмәмдап келген мамансыз. Исламдағы құқық мәселесі, діни құндылықтардың қорғалуы елімізде қаншалықты көрініс тауып отыр?

– Күнделікті тіршілігі мен өміріне риза болу ол да – мұсылманшылықтан. Мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұс­тауға ешқандай кедергі жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев игі де ізгі шаралардың бас­тамашысына ай­на­лып, сауапты істерге үлес қосу­да. Мем­лекет бас­шы­сының тіке­лей қолдауымен елі­мізде көптеген ең­селі, зәулім ме­шіт­тер бой кө­тер­ді.

Өткен бір жолы Сауд Арабиясында сапарда болдым. Сонда жергілікті мешітке кіріп намаз оқыдық. Келесі намаз уақыты кіргенше сол мешітте Құран оқи тұруды ұйғардық. Сөйтсек, ол жерде тәртіп басқаша екен. Жамағат намаз оқыған соң бәрі өз жөнімен тарасады. Мешітте бірде-бір адам қалуына болмайды. Көрдіңіз бе? Ал бізде, Құдайға шүкір, намаздан кейін имамдар күнделікті уағыз айтады, жамағаттың сауалдарына жауап береді, пікір алмасады, діни сұхбат құрады. Міне, біз осындай нығметтің қадіріне жете білуіміз керек. Қаншама елдерде бүлік, тұрақсыздық орын алуда. «Бағаламасаң, бақ кетеді», – дейді қазақ. Қабан жырау Асанұлы бабамыз өсиет өлеңінде:

– Бақыт, қайда барасың?
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын! – деген екен.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтардың діни сенім бостандығы Ата Заңымызбен қорғалатыны баршаға аян.

– Лаңкестік діни топтармен күресу оңай емес. Ол барша қоғам болып күш біріктіруді талап етеді. Бүкіл мұсылман әлемін әлсіретіп, тоқыратып отырған бұл жағдайдың Қазақстанда көрініс таппауы үшін жаңа мүфтиат тың бастамаларға, батылдыққа, күрескерлікке ұмтылса, ұлттық намыс пен ұлттық рухта қызмет етсе дейміз.

– Ізгі ниетіңізге Алла разы болсын! Өздеріңіз білесіздер, дүниені жайлап жатқан жаһандану үрдісі арқылы келіп жатқан ақпарат ағыны еліміздің де рухани дүниесі мен салт-санасына кері әсер етіп отыр. Ғаламтор беттеріндегі жат ағымдардың теріс уағыздары бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған жастарымыздың санасын улап жатыр. Әсіресе еліміздің батысында дін атын жамылған саяси күштердің арбауына іліккен бауырларымыздың саны арта түскендігі баршамызды алаңдатуда.

Ендеше, халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылық. Ол үшін, тағы да айтамын, білікті де білімді жас мамандарды көптеп даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мешітті сондай сауатты кадрлармен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы діни дүрдараздыққа жол бермей ұстанып келген дәстүрлі дініміз халық санасында орнығып, теріс ағымдардың жолы жабылмақ.

Жастардың экстремистік ағым­дарға ілесіп кетпеуіне жол бермеудің тағы бір тәсілі – бұқаралық ақпарат құ­ралдарын тиімді пайдалану. Өкінішке қарай, бүгінде дәстүрлі дініміздің телеарна, радиолар арқылы на­сихатталуы мен арнайы діни бағдар­ламалардың түсірілуі ақсап тұр. Көптеген телеарналар мұндай тақырыптан қашқақтауға тырысады. Сол себепті дін насихаты халыққа тиісті деңгейде жетпейді. Осыған қатысты үкіметке бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы діни тақырыптардың жоспарын жүктеп, бекітіп берсе деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл ойымыз жүзеге асса, жұмысымыз нәтижелі болады. Қылмыс азайып, жастардың тәрбиесі де күшейе түседі.

Сөзімнің басында ҚМДБ-сы жанынан Ақпаратты-насихат тобы құрылғанын айттым. Қазір осы топ менің жеке бақылауымда. Жұмысы жіті қадағаланып отыр. Нәтижелер де бар. Осыған дейін тек Қарағанды облысының өзінен 92 бауырымыз сәләфилік бағыттарынан қайтып, дәстүрлі Исламның құндылықтарымен қайта қауышты. Мұндай жағдаяттар өзге де аймақтарда да байқалып жатыр.

ҚМДБ жанынан арнайы Жас­тар бөлімін аштық. «Жастар неге әуес, олар үшін құндылық деген не, жасөспірімдердің діни түсінігі қандай?» т.б. деген сұрақтарға жауапты Жастар бөлімі іздейтін болады. Осы бағытта кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер.

Діни басқарма жазалаушы мекеме емес екенін түсініп алғанымыз жөн. Біздің күшіміз – уағызда. Көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібітуді көздейміз. Қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға үгіттеп келеміз. Осындайда: «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – деген сөз текке айтылмаса керек.

– ҚМДБ-ға қарасты «Ислам және өркениет», «Иман» газет-журналының мазмұнын арттыру қажет сияқты. Сараптамалық, талдамалық, ғылыми мақалалар берілсе, ұсақ-түйекті сөз еткен ақпараттарға тосқауыл қойса…

– Сауалыңыз орынды деп есептеймін. Мұндай ақпарттардың төл басылымдарымызда бұған дейін жарияланғаны жасырын емес. Осы олқылықты болдырмау үшін жаңа қадамдарға, жаңа айдар ашуға көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі қоғамда жастар, отбасы, пәтуа мәселелері өзекті. Осы мәселелерге байланысты басылым бетінен арнайы айдар ашуға, діни танымдық, талдамалық мақалаларға орын беруге пәрмен бердім.
Діни басқарманың ресми сайты www.muftyat.kz жаңа дизайнға көшті. Осы сайттың мүмкіндігін Ислам насихаты үшін, еліміздің игілігі, мұсылмандардың ынтымағы жолында барынша пайдалануға кірістік.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа құрамы қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі деп есептей аламыз ба? 

– Бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің Діни басқарманың жұмысына қосқан үлесі мол. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деген аталы сөз бар. Ұстазымыздың атқарған игі іс-шаралары, бастамалары бүгінде жемісін бере бастады. Ал біздің меже – осы жұмысты жаңа деңгейге көтеру, қызметті жаңа қарқынмен жүргізу, игі жобаларды жүзеге асыру. Мұның бәрі жұрт болып жұмыла, ауызбіршілікпен атқаратын уақыттың еншісіндегі еңбектер.

– Елбасының тапсырмасымен қазір елімізде ұлттық тарихты зерделеу ісі қолға алынғанын білесіз. Ислам дінінің ұлттық тарихтағы орны туралы қысқаша айта өтсеңіз.

– Ислам – өткеннен өнеге алып, болашаққа имандылықпен қадам басуға үндейтін ізгі дін. Ислам – тарихтан сабақ алуға шақыратын кемел дін. Кешегі ұрпақ қамы үшін жасалған ұлы істер, ата-бабаларымыздың ар мен ұятты ұлықтап өтуі, ғылым мен білім жолында үздіксіз ізденуі, бір сөзбен халыққа тоқтау айтуы, міне, мұның бәрі – бүгінгі ұрпаққа, Сіз бен бізге өшпес өнеге. Мешіттеріміздегі жұма уағыздарынан бөлек, жамағатқа айтылар насихат жұмыстарында да халқымызды осынау өнегелі өлең-жырлармен, бабаларымыздың байсалды шешен сөздерімен сусындатуға басымдық берілді. Әлі де болса танылмай келе жатқан діни тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жұртымызға, жамағатымызға ұсынуды көздеп отырмыз.

– Президентіміз Н.Назарбаев­пен бірінші рет Құрбан айт намазын атқардыңыз. Патша қа­тысқан намазда имамдыққа патша өтуі керек дегенді оқып едім. «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі айт намазында имамдықты кім жүргізді? Елбасы ма, Сіз бе, бас имам ба?

– Иә, Елбасы еліміздің бас мешіті, сәні мен салтанаты жарасқан «Әзірет Сұлтанда» халқымызды, жұртымызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтады. Президентіміз барлық ұлттарды бірлік пен ынтымаққа шақырып, адамдар Құрбан айт мейрамында мейір-шапағатқа, қайырымға бөленетінін айтты. Бұл – асыл дінімізге деген үлкен құрмет.
Құрбан айт намазын менің рұқсатыммен бас имам өткізді.

– Халыққа айтар тілегіңіз…

– Алла тағала елімізге, же­рі­мізге берекетін жаудырып, хал­қы­мыздың кең пейілі мен ізгі ние­тіне сай, бірлігімізге сызат тү­сір­мей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!

Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарық, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

– Арнайы қабылдап, әңгіме­лес­ке­­ніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Күлпара ЖҰМАҒАЛИ
Түркістан газеті 

Return to Top ▲Return to Top ▲