«Дін және дәстүр» тақырыбында конференция өтті

Ағымдағы жылдың 25 қараша күні ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де «Дін және дәстүр» атты конференция өтті. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов, Дін істері агенттігінің діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы жөніндегі басқармасының бастығы Айнұр Әбдірәсілқызы арнайы шақырылды. Жиынның басты мақсаты – өскелең жастарды имандылыққа баулып, дін Исламды құрметтеп, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, дін мен дәстүрді сабақтастыру мәселелерін қарастыру.
Конференцияны «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Х. Әділбеков жүргізді. Бірінші болып ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы сөз бастап, асыл дініміздің мәні мен мағынасына тоқталып, құндылықтарын тереңнен ашықтай түсті. Конференцияға келген жастарға халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының түп тамыры сүннет пен хадистерде жатқанын жеңіл де түсінікті түрде айтып жеткізді.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, бірнеше құнды еңбектердің авторы Айнұр Әбдірәсілқызы өз кезегінде рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы әйелдің рөлі, қазақтың қайсар қыздары мен абыз аналарымыздың салт-дәстүрге, ұлттық құндылықтарға көрсеткен құрметі туралы мысалдар келтіре отырып, зал толған студенттердің, әсіресе қыз балалардың назарын өзіне аудартты.
Әл-Азхар университетінің түлегі, магистр, теология ғылымдарының кандидаты, еліміздің дін саласында қызмет жасап жүрген білікті ғалымы Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов «Әдет-ғұрыптың шариғаттағы орны» деген тақырыпты кеңінен айшықтап, жиналған жастарға жеңіл де түсінікті жолмен жеткізе білді.
Сондай-ақ конференцияға ҚР ІІМ ішкі әскерлер институтының жалпы білім беру кафедрасының профессоры, философия ғ. кандидаты Сәуле Қалкенқызы Сүлейменова, СҚМУ-нің тарих және қоғамдық, гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғ. кандидаты Зәуре Кеңесқызы Картова қатысып, «Дін және мультимәдениет», «Қазақ мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің маңызы» тақырыптарында дайындаған баяндамалары аясында ой өрбітті.
Іс-шара барысында студенттер бірнеше сұрақтар қойып, теолог, дін саласындағы мамандардың тарапынан қанағаттандырарлық жауаптар алды. Жиында оқылған баяндамаларды, айтылған ойларды қорытындылап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығару үшін бас имам Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы сөз алып, конференцияға қатысқандар мен баяндамашыларға алғысын білдірді. Салмақты пікірлерді ұйып тыңдаған конференцияға қатысушылардың бұл жиыннан терең мағыналы ой түйгені сөзсіз.

«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲