Имамдардың білімін шыңдауға бағытталған семинар

Ағымдағы жылдың 23 қараша күні  ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітінде қала, аудан имамдары мен молдаларының білімін арттыруға бағытталған екі күндік семинар басталды. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов, Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Бердімұратов, сондай-ақ СҚО Дін істері басқармасының діни бірлестіктер мен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы   Абу-Бәкір Жақсылықұлы Карменов, облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Салауат Силибайұлы Муксимов арнайы шақырылды.

Бас имам Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы семинарға кіріспе жасап: «Аллаһ тағала Құран кәрімде: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтты. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ұйымдастырып отырған семинарға арнайы шақырылған мамандар келіп отыр. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, білімдеріңізді толтыруларыңызға тырысыңыздар», – деп, имамдарға сәттілік тіледі. Келесі кезекте дәрісті бастаған Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов  «Матуриди ақидасының негіздері» тақырыбында лекция оқып, ақида мәселесі төңірегінде болып жатқан кейбір сұрақтарға баса назар аударып, аталған тақырыпты терең түсіндіріп берді.

Ал дінташу, теолог Жолдас қажы Қоспақұлы Бердімұратов «Бидғат сөзінің ашықтамасы» тақырыбында ғибратты лекция оқып, сондай-ақ қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып табылатын салафизм идеологиясының қауіптілігі туралы терең түсіндірді. Ислам ғұламаларының дәлелдерін келтіре отырып, теріс ағымдардың ұстанатын қағидаларының бұрыстығын атап өтті.

Сондай-ақ семинар барысында исламның негізгі мәселелері – ақида, фикһ, мазһаб ұстану, сонымен қатар қазіргі таңдағы жат ағымдар туралы тақырыптар қамтылып, талқыланды.

Алыс жақтан ат терлетіп келген қонақтар жергілікті МТРК, Қазақстан-Петропавл телеарнасынан келген тілшілерге сұхбат беріп, аталмыш семинардың мәні мен маңызын, көзделген мақсатын айтып түсіндірді. Қатысқан имам молдалар бұл семинарда діни  білімдерін жетілдіріп, мазалаған сұрақтарына толыққанды жауап алды деп сеніммен айта аламыз. Аллаһ разылығы үшін өңірімізге келіп, имамдарға салиқалы уағыздарын айтып, білімдерімен бөліскені үшін  Аллаһ разы болсын деп айтамыз!

 

 

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲