15 жастағы қари 1 млн. теңге ұтып алды

Алматыдағы Студенттер сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған V республикалық Құран жарысының қорытынды рухани кеші өтті.

Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 4 млн. теңгені құрайтын сайысқа республика бойынша 600-ден астам жас хафиздер қатысты. Олар төрт бағыт бойынша бақ сынасты: Құранның 5 парасын жатқа оқу, Құранды мәнерлеп оқу, 10 пара Құранды жатқа айту және қасиетті кітапты толық (30 пара) жатқа оқу.

Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды», – деген.

Расында да, қазіргі әлемдегі, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы арсыздықтар, шаңырақтың шайқалуы, ұрыс-жанжалдардың өршіп кетуі, жамандық атаулының бәрі Құраннан алшақтаудың, Алланың сөзіне бойсұнбаудан туған қасіретті жағдайлар. Алла одан сақтасын! Қарайған жүректерге нұр беруші – Құранға ден қойған адам ондай күнәлі істерге әсте жол бермейді», – деп жиналған жамағатты жақсылыққа, ізгілікке шақырды.

Рухани кеште ән-күй шырқалды, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик көрсетіліп, актерлердің арнайы сахналық қойылымы халық назарына ұсынылды. Ғибратты қойылымнан әсер алған көпшілік көз жасына ерік берді.

Сонымен 600 қаридың ішінен жүзден жүйрік шыққан 5 шәкірт сахнада әділқазылар алқасының сынынан өтті. Жас дарындылар билетте келген сұрақтар бойынша Құранның аяттарын жатқа жалғастырып, мүдірмей оқып берді. Құран оқу ережесі, дауыс ырғағы мен нақышына да мән берілді. Сарапшылардың ұйғарымымен жүзден жүйрік шығып, жүлделі бірінші орынды иемденген 15 жастағы Яхия Сансызбайұлына 1 млн. теңгенің сертификатын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы табыстады. Хусей Уәлихадием екінші орынның жүлдесін (750 мың теңге) Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұловтың қолынан алды. Қуаныш Тоқсанбайұлы мен Әбділғаффар Тұрсыновтар үшінші орынның ақшалай сыйлығын (350 мың теңге) қанжығаларына байлады.

«Мен 10 жасымда Құранды толық жаттап шықтам. Осындай үлкен жеңіске жетуіме әкемнің үлесі көп. Бүгінгі ұтып алған ақшамды әкеме беремін», – дейді бірінші орын иегері Яхия Сансызбайұлы.

4 бағыт бойынша қаржылай марапатқа ие болған қарилардың тізімін жариялауды жөн көрдік.

www.muftyat.kz 
ҚМДБ баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲